Оразаның қасиеті
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис шәріпінде оразаны ұлықтап:
«Ораза ұстаған адам үшін аспан есіктері ашық»,- дейді. Пенденің оқыған дұғасы көкке көтерілгенде, көк аспанда дұғаларға арналған есіктер бар екен. Ол есіктер ораза ұстаған адам үшін үнемі ашық. Демек,Ораза ұстаған адамның тілек, дұғасы үшін ешқандай тосық жоқ. Осылайша ораза маңызы зор ғибадат боп отыр.
Риуаятта: «Мұса пайғамбарға (ғ.с.) Алла тағала: «Ей Мұса, ақыр заман үмметі үшін бір мүбарак айды жараттым. Ол айда сол үмбеттің барша тілек-дұғалары қабыл. Соншалықты шарапатты ай Мен сенімен Тұр тауында сөйлескенде, Маған мінәжат жасағаныңда арамызды жетпіс мың перде тосты, ал рамазан айында Маған мінәжат еткен, Менімен намазда тұрып тілдескен, менен дұға тілеген пендемнің арасында ешқандай тосық болмайды»,- деген еді.
Алла тағалаға дұға…
Ораза жемек, ішпек және жыныстық сезімге берілуден тыйлу. Ал, қарын мен жыныстық сезім адамзатты азғыратын, жолдан тайдыратын нәпсінің нөкерлері екені белгілі. Нәпсі — адамның ішкі жан дүниесі, рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерге үгіттейді. Оразаның бір пайдасы осы нәпсінің екі нөкерін тізгіндеп беруінде.
Алла тағала періштелерді жаратып, оларға тек ақыл берді. Жануарлар әлемін жаратып, оларға тек нәпсі берген. Ал, адамзатты жаратып, оларға ақыл мен нәпсіні қоса берген. Періштелер тек ақылмен болғандықтан Жаратушы Алланың әмірін бұлжытпай орындаушылар. Жануарларда тек нәпсі ғана болғандықтан олардың бар мақсаты бас қамы яғни, қарынды тойдыру қамы, жыныстық сезімін қандыру қамында ғана өмір сүреді. Ал адам баласында періштедегі ақыл да, жануардағы нәпсі де бар. Адамзаттың періште мен жануардан айырмашылығы ол бұл дүниеге емтихан үшін келген. Сондықтан адам қаласа, ақылды істетіп, періштелер дәрежесін бағындырады, қаласа, мал жануарлар сияқты қарын мен жыныстық сезім қамын ғана ойлаумен күн кешеді. Демек, адам ақылға ерсе, дәрежесі артады, ал нәпсісіне ерген сайын төмендеп бара береді.
Бір хикаяда былай делінеді: «Алла тағала ақылды жаратып, одан: «Мен кіммін? Сен кімсің?»деп сұрапты, ақыл: «Сен менің жаратушы раббымсың, мен сенің жаратқан құлыңмын»,- депті. Осындай кезек адамзат бойындағы нәпіске келгенде, Алла тағала: «Мен кіммін? Сен кімсің?» деп сұрақ қойыпты. Нәпіс: «Мен менмін, Сен сенсің» деп жауап қайырыпты. Сонда Алла тағала ашу-қаһарымен нәпісті мың жыл отта күйдіріпті. Кейін алдырып: «Ей нәпіс! Мен кіммін? Сен кімсің?» деп қайта сұрапты. Нәпіс: «Мен менмін, Сен сенсің» деп тәубеге келмепті. Сонда Алла тағала нәпіске санаулы күн ораза ұстатып, кейін алдырып: «Ей нәпіс! Мен кіммін? Сен кімсің?» деген сұрағына, «Сен менің Раббымсың! Мен сенің құлыңмын» деген жауап алыпты». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір шайқастан жеңіспен қайтып келе жатқанда: «Енді кіші шайқастан үлкен шайқасқа (жиһадқа) оралып барамыз!»,- деген екен. Сонда сахабалар: «Ей Расулалла! Сонда ол қай шайқас?» деп таңдана сұрапты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ол өз денеміздегі нәпсімен болатын шайқас» деп жауап берген еді. Демек, мұсылманның өзінің нәпсісімен күресуі оның үлкен шайқасы.
Сіз бен біздің ұстап жатқан оразамыз адам баласының қалауы нәпсісін тізгіндеп беретін, нәпсіні тыйатын, мінез-құлықты дұрыстайтын, тәрбиелейтін ғибадат. Жалған дүниедегі емтиханнан адам баласын сүрінбей өтуіне көмектесетін құлшылық.
Хадис шәріпте: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамызға: «Жәннаттың есігін қақ» дейді (яғни, біреудің үйіне кіруден бұрын бірінші есігін қақпай ма?, сол сияқты пайғамбарымыз әйелі Айшаға «жаннаттың есігін қақ», депті). Сонда Айша анамыз түсінбей: «Жәннаттың есігін қалай қағады?» деп сұрапты. Оған Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза ұста. Әр ораза ұстағаның жәннаттың есігін қаққаның», деп жауап беріпті», делінген.
Оразада басқа ғибадаттарда жоқ ерекшеліктер бар. Алла тағала хадис құдусида:
«Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана білем, әжірін Өзім берем. Өйткені ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, сусын, ішімдігінен және жыныстық қатынастан бас тартты», — дейді.
Оразаның мұндай сауабы бары екі түрлі мағынада: Бірінші мағынасы, ораза адам баласының ішкі дүниесіне қатысты ғибадат-құлшылық болуында. Шын мәнінде, оразадан басқа ғибадаттарда ғибадат жасаушының еріксіз қаласын–қаламасын аздап қожакөрсіндігі бар. Мысалы, намазда да, зекетте де солай. Қажылық жасаса, оның жайы да сіздерге белгілі. Қажылықта көпшілікпен атқарылатын амал. Тіпті бүгінгі күнде қажыға барғандар атына пәленші қажы деп қосып ататтыруды әдетке айналдырған. Ал, ораза ұстаған адамда ондай пиғыл жоқ, (яғни, оразашы, деп айтпайды) ораза ұстау үшін ешкімнің көзіне түспейтін сәресі уақытында тұрады, ауызын бекітеді. Күні бойы басқалардан айырмашылығы білінбей жүреді, тек Алладан қорққаннан, тек Алланың ризалығы үшін ниетпен соңына жеткізеді. Сондықтан да, Алла тағала: “Оразаны пендем Мен үшін ұстайды”, — деп бағалайды.
Екінші мағынасы, Алланың дұшпаны шайтанға қарсылық көрсетуде.
Жемек, ішпекпен нәпсінің шаһуаты күшейеді. Шаһуаты күшті нәпсіге шайтан өз айтқанын оңай орындатады. Ал, ораза ұстаған адамның жөні шайтанға байланысты бір бөлек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Шайтан адам баласының қан жүретін жолдарында жүреді. Оның жолын аштықпен тар қылыңдар»,- дейді (имам Бухари мен Муслим). Демек, ораза шайтанның жолын бөгейді. Жолын бөгеу шайтанға қарсы тұруды білдіреді. Алланың дұшпаны шайтанға қарсылық көрсету Аллаға жәрдемдесу боп табылады. Қасиетті Құранның Мұхаммед сүресі, 7-аятта:
«Әй мүминдер! Егер Аллаға жәрдем етсеңдер, Ол сендерге жәрдем етеді»,- дейді.
Оразадан көзделген көп мақсаттың бірі ден саулыққа қоса жан саулықты да қалыптастыру. Адам баласының жаны сау болуы үшін рухани азғындықтардан қашықтау қажет. Ай бойы ораза ұстай отырып, рухани дүниесі күйреген адамның оразасы толық саналмай, ден саулығын күткен адам боп қана қала береді. Яғни, сауабы ойдағыдай толыққанды болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қанша ораза ұстаушылар бар, оларға ұстаған оразаларынан тек аш қалғандары мен шөлдеп жүргендері ғана қалады», -дейді (имам Насай мен Ибн Мажаһ (р.а.)).
ӘбуҺурайра (р.а.)дан риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кім өтірік сөйлеуді, өтірік амал жасауды қоймаса, оның тағамы мен сусынын ішпей жүруіне Алланың қажеті жоқ», деді»,- делінген.
Мұнымен айтылмақ болған әңгіме, адамның тәні мен жаны болғандай әрбір ғибадат-құлшылықтың ішкі, сыртқы бөлігі яғни, қабығы мен дәні болады. Қабығы сыртқы, дәні ішкі бөлігі. Енді, қаласа, құлшылықтың қабығымен қанағаттансын, қаласа, дәнінен дәм татсын ізгілердің қатарынан табылсын.
Ұстаған оразаның сауабы толық болсын, деп әрі ден саулығын, әрі жан саулығын ойлайтын адамдарды шариғи кітаптарда ізгі жандар дейді. Оразаның сыртқы бөлігінің үш шарты бар олар: жемектен тыйылу, ішпектен тыйылу, жыныстық қатынастан тыйылу. Оразаның ішкі бөлігінің тыйымдарының шарттары яғни, ораза ұстаушы ораза ұстап жүріп ізгі жандардың қатарынан табылуы үшін алты шарт бар. Бірінші шарт, тыйым салынған харам нәрседен көзін тыйу және жүректі жаман ниеттен сақтау. Жаман ниет жүректі Алла тағаланың зікірінен тосады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «(бөтен әйелзатына) Көз алайтып қарау шайтанның улы оқтарының бірі. Кім Алладан қорқып, оны тәрк қылса, Алла тағала оның жүрегіне ләзәті сезілетін иман береді»,- деген.
Екінші шарт. Тілді жалған, өтірік, ғайбат, біреудің сөзін біреуге жаман ниетте жеткізу, бұзық сөз, боқтанып сөйлеу, жала жабу, мақтаншақтық сияқты жаман әдеттерден тілін тыйып, үндемей сүкіт сақтау. Бұл тілдің оразасы. Жаман сөздің орнына тілді Алла тағаланың зікірі мен қасиетті Құран тілауатымен шұғылдату керек. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Ораза сақтаушы. (ораза ұстап жүрген адам) Боқтанып сөйлемесін әрі надандық жасамасын. Егер біреу онымен теке-тіреспек болса, мен оразадамын», десін»,- дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «ораза аманат. әрбір адам өз аманатын сақтасын!», деген. Расулулла (с.ғ.с.) қасиетті Құранның «Ниса» сүресі 58-аяттың:
«Алла сендерге аманаттарын өз иелеріне тапсыруға бұйырады»,- деген жерін оқып тұрып қолымен құлағы мен көзін көрсетіп: «құлақ аманат, көз аманат», деді (Әбу Дауд риуаяты). Егер ораза аманат болмағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «теке-тіреспек болған адамға Мен оразадамын, деп айт», демеген болатын еді. Яғни, мұнымен «мен (оразаға ниет қылып) тілімді (жаман сөзден) сақтауға уәде бергенмін, саған жауап беру үшін қалайша оны бос қоям?!»демек болады.
Имам Мұжаһид (р.а.): «Екі нәрсе орзаны бұзады. Бірі, ғайбат, екіншісі, өтірік сөйлеу», деп пәтуа айтады. Риуаятта: Пайғамбарымыздың заманында екі әйел ораза ұстапты. Күннің соңына қарай олар аштық пен сусыздыққа шыдай алмай кетті. Сонда пайғамбарымызға оразаларын ашуға рұқсат сұрап адам жіберді. Пайғамбарымыз оларға бір ыдыс жіберіп; оларға айт жеген нәрсесін мына ыдысқа құссын», деді. Біреуі ыдыстың жартысына дейін тынық қан мен мен бір кесек ет құсты. Кейінгісіде осылай құсып ыдыс толды. Көргендер таң қалды. Сонда пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мұның себебін сұрағанда: «Бұл екеуі Алла адал еткен нәрсемен ауыз бекітіп, Алла тыйым салған арам нәрсемен оразаларын ашты, адамдарды ғайбат етті. Ғайбат айту адамның етін жегенмен тең», деді», -делінген (имам Ахмад). Өсек айту, ғайбаттың харам, үлкен күнә екендігін ғұламалардың барлығы да бір ауыздан құптаған. Харам деп жаратқан Алланың тыйым салған істеріне айтамыз. Бізді жаратқан жалғыз Алла тағаланың өзі ғана. Сондықтан Алла сіз бен бізге ненің тиімді, ненің зиян екенін жақсы біледі. Алланың тыйым салып қойған істерінен ешбір қоғам ешқашан пайда таппағандай, Алланың әмірі құлшылықтардан ешкім зиян көрмеген. Харам саналған ғайбаттың қаншалықты жиіркенішті, қаншалықты жаман екендігі «Хужурат» сүресі, 12-аятта: «Көз жұмған (өлген) туысының етін жеуді қайсың жақсы көресің. Әрине өйткілерің келмейді. (Ендіше) Алладан қорқыңдар. Тәубеге келген адамның тілегін Алла қабыл алады, оған өте (ерекше) мейіріммен қарайды», — делінген. Сонда қасиетті Құран біреуді ғайбат етуді, өсек айтуды адамның (өлгеннен кейін) етін жеумен теңестіріп отыр. Адамның етін жеуге болмайтындығы баршаға мәлім. Ал өлген адамның етін жеу ойға да келмейтін іс. Сондықтан аяттағы: «жақсы көресіңдер ме?», — деген сұраққа ешкім, иә, деп жауап бере алмайды. Сол себепті Алла тағаланың өзі аятта: «Әрине өйткілерің келмейді», — дейді. Сөз түйіні, өлік мәйіттің етін жеуді көңіліңіз қаламағандай, біреуді ғайбаттауды да көңіліңіз қаламасын.
Үшінші шарт. Құлақты харам есітуден яғни, жоғарыда санап өтілген өсек, өтірік сияқты харам нәрселердің баршасынан сақтау шарт. Өйткені, айтуға болмайтын барлық нәрсені естуге де бомайды. Сондықтан да қасиетті Құранда:
«Олар өтірікке (өсекке) құлақ салушылар, арамды жеушілер»,- деп өтірік сөйлейтіндерді арам жегіштерге теңеген («Майда» сүресі, 42-аят). Ниса сүресі, 140-аятта:
«Олармен (өтірік сөйлейтін, ғайбат, өсек айтатындармен) бірге отырмаңдар. Әйтпесе, сендерде солар сияқты (күнәһар) боласыңдар», деген.
Төртінші шарт. Қол, аяқ және басқа да ағзаларды күнәлардан сақтау әрі күмәнді, арам тағамдарды жемеу шарт. Яғни, қол адал ұстап, сауап тірлікке қол ұрсын, аяқ күнәға қарай жүруден бас тартып, мешітке қарай қадам басып, тарауих намазында тік тұрып сауап алсын. Қарнымызға адал тағам түссін. Қарынды адал тағамнан сақтап ораза ұстап, кейін адал емес тағаммен ауыз ашудың мағынасы жоқ. У адамды құртқаны сияқты арам дінді құртады. Адал ол пайдалы, арам зиянды. Дегенмен, адал тағамның азы пайдалы, қарын жарылайын дегенше адал тағамды жей беру зиянға айналып кететінін білген де дұрыс. «Алла тағала үшін адал тағамдарға нық толған қарыннан жаман ыдыс жоқ», деген сөз бар.
Бесінші шарт. Ауыз ашарда шектен тыс көп ауқат жеп, қарынды толтырып жіберуден сақтану. Қарын жарылайын дегенше ауқат жей беру оразадан көзделген мақсатқа қайшы келеді. Өйткені, оразадан көзделген мақсаттардың бірі аштықты сезініп, қиналып көру. Ораза ұстаған адам күнімен жемеген тағамын ауыз ашарда бірақ жесе, ұстаған оразасынан нәпсісін сындыру, Алланың дұшпаны шайтанға қарсы тұру деген мақсаты қайда қалады? Көбінше, аштықтан қашқысы келеме, әйтеуір бұл айға басқа айдан қарағанда тағамдардың түрлі-түрлісін сатып алып, дайындық көріледі. Бірнеше айда жейілмейтін тағамдарды осы бір айда жеп таусытуға әдеттеніп бара жатқандаймыз. Адамдар рамазаннан азып шығудың орнына, семіріп, салмағына салмақ қосып шығуда. Бұл әдет оразаның мақсатына кірмейді. Оразаның мақсаты нәпсіні тақуалы қылу, менмендікті қашыру. Шайтанға дос боп кететін нәпсіні тізгіндеу. Бұл тек азық-ауқатты кем жеумен, аштықты сезінумен, әлсіздікдігін мойындаумен атқарылады. Сондықтан, ораздан басқа уақытта таңғы шайда ішіп, жейтін тағамды ораза ұстау үшін сәресіде жеп ішу керек. Басқа уақытта кешкі жатарда жеп жататын тағамдарды ауыз ашарда жеу керек. Сонда ораза мақсатқа лайықталады. Сосын уыйқыны да көбейтпеу ораза әдебіне жатады. Күні бойы төсекті жидырмай, ұйықтай беру де оразадан көзделген мақсатқа тура келмейді. Аштықтың, сусындаудың, әлсіздікті сезінген дұрыс. Сонда жүрегі нұрланады, ақылы өткірленеді, оған сәресіге тұру, сол уақытта оқылатын таһажүд намазын оқу оңайласады.
Алтынша шарт. Ауыз ашқаннан кейін ораза ұстаған адамның жүрегі қорқу мен үміттің арасында болуы қажет. Өйткені, оразасы қабыл болды ма болмады ма? Анық емес. Мұсылман баласы әрбір құлшылықтан кейін осындай күйде, қорқу мен үміт арасында болады. Хасан әл-Басрийдан риуаят етілуінше, ол кісі күліп отырған бір топ адамдардың қасынан өтіп баратып: «Расында, Алла тағала рамазан айын пенделері үшін бір-бірімен жарысатын уақыт етіп қойған. Пенделер Аллаға құлшылық жасауда бір-бірімен жарысады. Біреулер озып шығып жеңіске жетеді, біреулер артта қалып үмітсіздікке тап болады. Озып шыққандар жеңіп, қалып кеткендер үмітсіз болған күнде күліп мәзмейрам болғандарыңа жол болсын. Бірақ Аллаға ант, егер перде көтерілгенде сауап алған сауабымен, күнәһар болған күнәсімен әуре боп, оразасы қабыл болған адам қуанышынан, оразасы қабыл болуынан үміті үзілген адам өкініштен күле алмайтын еді», дейді.
Сонымен Рамазан айында аузымызға ораза ұстатумен қатар көзіміз бен құлағымызға да ораза ұстатып, жаман сөз айтудан, естуден сақтанайық, көзімізді ұятты жерлерден тыйып, ұрыс-керістерден аулақ жүрейік. Осындай көркем мінезіміз арқылы оразаларымыз кемел тауып, сауабы артсын.
Ұстап жатқан оразаларыңызды Алла тағала ауыр емес, жеңіл етсін, қиын емес қолайлы етсін. Ораза қабыл болсын!
Даналардың бірі: «нәпсін ақылына тұтқындап берген адам мақсатына жетеді. Ал, ақылын нәпсіне тұтқын етіп берген адам жолда қалады», депті.
Нәпсісін тұтқындап, тізгіндеп ап, нәпсін басқара білген адамды тақуалы дейді. Тақуалы боп яғни нәпсін басқаруды қолға алып, жасалған тарыдай ғибадат-құлшылық тақуасыз таудай ғибадаттан артық.
Оразадан бір мақсат – мұсылманды тақуалы жанға айналдыру.
Хадис шарифте:
«Адамдарды жаннатқа кіргізетін нәрсе тақуалық пен көркем мінезділік»,- деген. Адам тақуалықты рамазанда үйренеді. Тақуалы адам жаннатқа лайық. Жаннатқа лайықты адамның тағы бір қасиеті — көркем мінезділік. Көркем мінезділік те нәпсіні тізгіндеуден, тақуалықтан туындайды. Өзін-өзі басқаруы күшті, нәпсісі тәрбиеленген адамның мінез-құлқы да тамаша болады. Ондай адам сабырлы, мейірімді, жомарт келеді. Басқаға хасат қылмайды, күндес болмайды, зұлымдық, жамандық жасамайды. Ораза ұстаған адам нәпсін басқара білуі, мінез-құлқын жағымды етуі, тілін жаман сөздерден тиыуы арқылы оның бойы күнә-кемшіліктерден тазарып, Алланың рахметі мен мағфиратына бөленіп, жаннатқа кіреді.
Рамазан әр жылы қайта оралып мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін жеп-ішпейміз. Сондай-ақ, ашу-ызадан, қызбалықтан сабыр сақтап, жұмсақ боласыз, харамға қарамайсыз, тіліңізіді тиясыз, көзіңізді сақтайсыз. Бұлардың барлығы сабрлылықпен байланысты амалдар.
Қасиетті Құранда:
“Сабыр еткендерге Алланың қайтарар сыйы қисапсыз” (“Зумар” сүресi, 10 аят.),-делінген. Хадистерде: «Сабырдың сауабы — жаннат», “Ораза ұстау сабырлықтың жартысы”, “Сабыр иманның жартысы”, “Сабырлылық — қуаныштың кiлтi”,-деген-дi.
Ия, сiздер мен бiздер ораза амалын адамзаттың тәрбиелiк дәрежесiн жоғары көтеретiн төзiмдiлiк, шыдамдылық, сабырлылы