Кешір, Алла! Өмірімнің сүйреуге көшін алға, Көңілімнің білмеймін хошы бар ма? Уәде беріп, сөзінде тұра алмаған, Өзгені бір, ал өзін мың алдаған, Аманатсыз пендеңмін... кешір, Алла! Сүйресе де базарда досым арба, «Шүкір, – дейді, – Жаратқан, осы барға!» Денсаулықтың қадірін білмей мүлдем, Он саулықты көргенде күндей күлген, Қанағатсыз пендеңді... кешір, Алла! Өлмейтін сөз айтатын есі барға, Ақындарда өмірдің өші бар ма? Деп алжасып, тағдырмен таласатын, Тәкәппар боп жолыңнан адасатын, Парасатсыз пендеңді... кешір, Алла! Шара толып шекерге, месі балға, Жайлауының толардай төсі малға. Өш кісіден сәтті іздеп есе қайтар, Дос кісінің сыртынан өсек айтар Салауатсыз пендеңді... кешір, Алла! Саған қарар пендеңнің беті бар ма? Жүрген жерім ысырап – кесір ол да. Күпірі көп сорлымын, шүкірім аз, Пікірі көп, пендемін зікірім аз, Жаза басқан құлыңды кешір, Алла! Астағифируллаһ! Раббым, кешірімді ең! Ғафур деген жайылған есімің кең! Шынайы тәубемді Алла қабыл етсін, Хақың кетсе қайтару – әділет шын... Бірақ та, кеше алсаңдар кешіріңдер! Менде ақысы бар, бауырлар! Авторы: Балғынбек Имаш